Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» аудио дыбыстама

Sdílet
Vložit
  • čas přidán 8. 09. 2024
  • Қазан төңкерісінің алды-артында жазылған қазақ прозасындағы ерекше атауға болатын бір туынды - Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі. Шығарма дәстүрлі қазақ ауылын артқы көрініс етіп жазылған. Әңгіме сүйіп қосылған бір жұптың өміріне құрылған. Алғаш отбасын құрғанда әйелі Шолпан балалы болғысы келмейді, оған күйеуі де қарсы болмайды. Уақыт өте, жастары ұлғая келе Шолпан отбасына бала керек екенін, күйеуінің де баланы жақсы көретінін сезеді. Бірақ, өзі бала көтере алмайды. Соңында балалы болуға бар ынтасы, назары, үміті байланған Шолпан күйеуінен таппаған баланы басқа еркектен тауады. Шығарманың соңында жоғарыдағы күнәсі себебінен Шолпан да, баласы да аянышпен өледі. Жазушы Шолпанның трагедиялы тағдырын дәстүрлік қоғамның қаталдығына артқандай түсінікпен аяқтайды. Әңгіменің ұзын ырғасы осы мазмұннан тұрады. Бірақ, шығармадағы шындық олай болмауы мүмкін.
    Бір қарағанда «Шолпанның күнәсі» әңгімесі ерекше бөгенайымен, бұрын-соңды қазақ прозасында қайталанбаған тақырыптық ерекшелігімен көзге түседі. Осының өзі бұл шығарманың өн бойына қалыпты түсініктен тыс бір дүниені жасырып тұрғанын аңғартады. Айталық, мынадай бірнеше сұраққа жауап керек. Бірінші, Шолпан неге балалы болуды жақсы көрмейді? Екінші, соңында неге өзінің шалыс басқанын жасыру мүмкіндігінің жоқ екенін біліп тұрса да, балалы болу жолын таңдайды? Үшінші, жазушы неге әңгімедегі қайшылықты Шолпанды төңіректей отырып жазады, оның күйеуінен тақырыпқа қатысты мәлімет бермейді?
    Әңгімеде жазушы Шолпанды дәстүрлік қазақ ауылының аясына қойып жазғанымен, ол жазушы санасында орын ала бастаған төңкерістік теориядан туған кейіпкерге жақындайды. Дәстүрлі қазақ әйелінің танымында «балалы болудың қажеті жоқ» деген түсінік болмайды. Бұл дәстүрлік қоғамның таным-түсінігі мен ой-түсінігіне мүлде жат нәрсе. Эпостан басталған, айталық «Алпамыс батыр», «Қобланды», т.б. жырларында ата мен ана Жаратушыдан бір бала тілеп баспаған жері, төкпеген тері қалмайды. Осы детальдан-ақ біз балалы болудан қашудың жаңа заманның түсінігі немесе жазушының жеке жаңалығы екенін аңғарамыз. Әңгімедегі Шолпан дәстүрлік қазақ әйелі емес. Содан да ол дәстүрлік түсініктен басқаша ойлайды. Шолпан образы кеңес қоғамы құрылудың алдында төңкерістік теорияның дәріптеушілердің жаңа қоғамдағы әйелдер туралы түсінігінің жинақы көрінісі. Олардың ойында ескі жүйенің, ерлердің езгісі мен қанауынан, құлдығынан әйелдер азат болуы тиіс. Кеңес қоғамына тән азат болған мұндай типтік әйел образы кейін С.Мұқановтың «Ботакөз» романында, Б.Майлиннің «Раушан коммунист» шығармасында анық көзге түседі. Азат болудың көп түрлі белгісі бар. Соның бірі әйелдердің бала табу немесе бала таппау құқығының өзінде болуы, мыс. Міне, осы түйін «Шолпанның күнәсі» әңгімесіне негіз болған.
    Жазушы төңкерістен кейінгі жаңа қоғамның әйел туралы түсінігін жазу барысында жаңа қайшылықтарға бет келген. Ол қайшылық - әйел затының ұрпақ жалғастырушы сынды міндетін қайда қою мәселесіне барып саяды. Әйел заты бала таппаса ұрпақ жалғаспайтыны, қоғамның да күйрейтіні белгілі нәрсе. Әңгімеде бұл түйін Шолпанның санасында күйеуі баланы жақсы көретінін білгенінен кейін ғана туындаған қалауы етіп жазады. Әйел барлық жауапкершіліктен азат болды делік, содан кейін не болады? Бұл жерде жазушы шығармада көп көзге түсе бермейтін, көзге түссе де ішкі сыры ақтарылып айтыла бермейтін Шолпанның күйеуін объектретінде алған. Ол бір жағынан қоғамға, қоғамның талабына да өкілдік етуші образға жатады. Қоғам әйелден бала табуды талап етеді. Бұл адамзат пайда болғаннан бері өзгермей келе жатқан заңдылық. Міне, осыдан барып әңгіменің оқырман санасына өрескел тиетін, бірақ, не екені бірден аңғарылмайтын, қайшылықты, тіпті түсініксіздеу тұсы ортаға шығады. Ол Шолпанның басында балалы болуды жақсы көрмейтін, соңында балалы болуға құмартатын, соның жолында жанын да құрбан ететін оқиғасы. Бұл арада жазушы қоғамдық жаңа талаптың, жаңа түсініктің тасасында жатқан ақылға сиымсыз тұсын ашады.

Komentáře •